Бала– әке-шешенің перзенті, ұрпағы. Жыныс ерекшелігіне қарай ұл, қыз, жас шамасына қарай: нәресте, сәби, бөбек, балдырған, жеткіншек, жасөспірім болып жіктеледі. Ұл қыздың жарық дүниеге келген сәтінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңі бала ұғымына
Қабул О.Қ. аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған.
Ата-бабаларымыз жазу-сызуды білмеген кездің өзінде де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адам құқығын қорғауды назарда берік ұстаған. Мысалы, «Қасымның қасқа жолы» (1511-1518), «Есімнің ескі жолы» (1598-1628), Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» (1680-1718) сияқты көрнекті заңдардың өзі қағазға түспеген. Бұл – заңдық құжаттар.
Ата-заңды аттаған азғындарды «етігін кесіп, елден қу» деген қағидамен аяусыз жазалаған. Халқымыз ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Бала тәрбиелей отырып, артына із, өшпес мұра қалдырған.
Қазақстанда 17 жасқа толған бозбала мен бойжеткен ресми түрде кәмелетке толған ересек адамдар қатарына қосылады. «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы». (ҚР Конституциясы 27-бап). Қазақ халқы бірінші туған баланы тұңғышым, одан кейінгілерін «ортаншы», ең соңғы туған перзентін «кенже» деп атайды. Бұрынғы дәстүр бойынша әке мұрасы кенже ұлға қалған. Оның үйі қара шаңырақ деп аталады. Балалар ата-аналарын асырауға, сыйлауға, құрметтеуге тиіс.
Бала ата-ана өмірінің жалғасы. Сол үшін ата-ана жалынып құдайдан перзент тілеген, перзент көргенде, жүрегі жарылардай қуанған (аңсаған перзентін көргенде, қуаныштан жүрегі жарылып, өліп кеткен шеше де, әке де, ата мен әже де болған), содан кейін «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, әлпештеп өсірген. Перзент ауырып, не басқа бір қатер төнгенде, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» – деп құдайға жалбарынған, өздерін балалары үшін құрбан еткен. «Бала – ата-ананың бауыр еті», «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», - деген сияқты толып жатқан мақалдарда да ата-ананың балаға деген ұлы сүйіспеншілігі жатқан жоқ па?!
Ата-анаға көз қуаныш –
Алдына алған еркесі,
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі, - деп, ұлы Абай баланың ата-ана қуанышы, гүлденген үміт-арман екенін тебірене жырлайды. Әлемге әйгілі ғұламалар мен ақындардың ата-ана махаббаты, перзент парызы жайында тебірене айтпағаны, жазбағаны аз деуге болады. Олардан қалған асыл сөздер қаншама!
Осындайда тағы да дана Абайдың сөзі ойға оралады: «Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».- деген.
Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы – мейіріммен, жақсылықпен өтелмек. Бала – ата-ананың көз нұры, көңіл қуанышы.
Ұл-қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін, ең әуелі, әдепті болуы керек. Әдепті болып өскен бала ата-анасының қас-қабағына қарап, қал жағдайларын айтқызбай аңғарады және олардың жеп-ішу, киім-кешек, ұйқы-демалысын қадағалап, әр нәрседен көңілдерін тауып, мерейлерін өсіреді.
Бала өзін әлпештеп өсірген ата-анасын дәл солай әлпештеп аялауға – міндетті, сәби шағында өзін қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып мәпелеуге борышты.
Әдепті де адал ұл-қыз ата-аналарына көзі тірісінде қызмет көрсетулерімен қатар, дүниеден қайтқаннан кейін де оларды жиі-жиі еске алып, олардың өсиет-аманатын қалтқысыз орындап, қалып қойған қарыздарын өтеп, замандас-достарына құрмет көрсетіп, зиратына барып тұрады. Ендеше, баланы сеніммен тәрбиелеу – зор нәтиже береді деп ойлаймын. Балаңмен дос, сырлас бола біл. Ешқашан қаталдықпен адамды адам ете алмайсың. Қатыгездік баланы ашындырады, жүрегіне өшпенділік тудырады. Содан сырттай бағынышты көрінгенімен, ішкі қарсылығы өсе береді. Қарсылық қарсылықты туғызады деген физиканың заңы бар ғой. Қай уақытта да жұмсақ қаттыны жеңеді. Су жұмсақ, тамшылап тұрып, тасты теседі. Әке-шеше ретінде қоқаңдап, өз ойыңды тықпалай берсең, баланың тұлғалық қасиеттері ашылмай қалады. Бетінен қақпа, бірақ белін буып жолға сал. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені – ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру.
Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.
Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Мұзды бесік таянған, - да ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана.Халықтың халықтығының басты нышаны – туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан әрбір ұлттың рухани өзегі, қан тамыры болып табылатын тілі – Ана тілі деп аталады.
«Баланы – жастан» дегенге мен де толық қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» деп сұрамай ма, сонда атақты драматург қарсы сауал қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?». «Өмірге келгеніне екі апта болды», депті оған сауал қоюшы. Сонда Б.Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз» деген екен. Мұның өзі достық нақышта айтылғанмен, астарында шындық жатыр.
Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жыры.
Ал нәресте өмірінің нәрі – Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- деп түсіндіреді. Атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған»,- деуі де сол шындықты айқындайды. Әрине, сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады.Дін мұсылман жолында Әкені құрметтеу – айрықша парыз. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу» дейді Пайғамбарымыз.
Халқымыздың мақал-мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір-қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік.
«Алты аға бірігіп - әке болмас,
Жеті жеңге бірігіп - ана болмас», - деген сөзде де терең ой жатыр. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, - дейді. Осындай ата-ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет!
Қазақтар «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.
Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата-ананың алған ерекше биік орны, қадір-қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау – өз болашағыңды сақтау.
Ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады.
Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі:
- Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.
- Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, - депті баласы.«Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.
Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», - демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.
Бүгінде кейбір жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды өздерінің перзенттік борышын өтегендік деп біледі. Мұны әке-шешесін аңыратып, ат ізін салмай кеткендер мен жалғыз басты қарттарын кәрілер үйіне тапсыруға дәті барған жүзіқараларға қарағанда адамшылыққа баласақ та, оның да оңып тұрмаған қате түсінік екені айқын.
Ата-анаға қажетті – баласынан күтері жалғыз материалдық жәрдем бе екен? Қайта, ата-анасы баласымен бірге тұруға болмаған күнде, жиі-жиі көрісіп, жүзбе-жүз отырып әңгімелесіп, мейірін қандыруды, баласын, келіні мен немерелерін көріп, көңілдері көншуін, олардың сый-құрметін көріп, тәңірге шүкіршілік етуді аңсамай ма?! Дүниеге бала әкеліп, оны азаптанып өсіріп, енді соның қызығын, қызметін көре алмай, тірідей суынып, қайырылмай кеткен баласын аңсай-аңсай, дүниеден өткен кәрі әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?!
Абайдың: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік», - дейтіні содан шығар. Ата-ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті ғой. Сол арқылы-ақ бала ата-анасының мейірін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше, ата-ананың сөзін құлаққа ілмейтін, өзі тағы жөн білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді.
Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, пейіл-береке – оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі.
Балалардың ұрысқақ, жанжалқой, дөрекі-дөкірлігі әке-шешенің жатса-тұрса жадынан шықпайтын қауіпі, азабы болады. Ондай ата-аналар үнемі алаңдаумен күн кешіп, қабақтарынан кірбің кетпейді.
Бұған қарама-қарсы еңбекқор, кең пейіл, жарқын мінезді болып өскен ұл-қыз ата-ананың қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарып, олардың көңілін тауып, мерейін өсіреді. Демек, балалары ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтем десе, алдымен, әдепті болулары керек, өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып, отбасына кіріс кіргізіп, әке-шешенің қарттығын қажетті тыныштықпен және дәулетпен қамтамасыз етулері қажет.
Ата-ана да адам, сондықтан олардың қателесетін, жаңылысатын, ағаттық жіберетін кездері болады. Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтеріп шыға келмейді, ал үлкенді балағаттау – бала тұрмақ жасы кіші адамның ісі емес. Үлкендердің әлдеқалай істеген ісі, сөзі жанына қатты батса да, сабыр етіп, өзіңді дүниеге әкеп, зор мехнатпен әлпештеп өсіргенін есіңе түсіруің, кешірімді болуың міндет.Ұл-қыз әдептілігінің негізі – ата-ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Сонда ғана үлкендердің мерейі көтеріліп, ұл-қыздардың өркені өспек!
Балаға қандай сөздерді айтпау керек?
Жасөспірімдердің тұлға аралық қарым қатынасындағы психологиялық ерекшеліктері
Баланың 13 жастан кейінгі өтпелі жасынан біршама проблемалар туындайды. Бірте-бірте балаға өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Жеткіншек өздерінің «өтпелі», «түсініспейтін» жағдайларын көрсете келе, осы қиын жағдайлардан шығу жолдарын іздестіреді. Кейде денсаулықтарына зиянды болса да, үлкендерге тәуелді болмауға тырысады. Үлкендер бұл жағдайды байқай бермейді. Бірақ күнделікті бала күйзелісі күн өткен сайын үлкен проблемаларға айналып, үлгерімі төмендеп, денсаулығының нашарлауы, нашар тәртіпке әкелу қаупін тудырады.
Жеткіншек пен үлкендер арасындағы келіспеушілікті қалай шешуге болады?
Өз балаңның қиқарлығына төзе білу өте қиын. Оның дөрекілігіне дер кезінде тойтарыс бергің келеді. Бірақ, сәл жіберген қателік отқа май құйғандай болады. Шыдамды болыңыз, балаңыздың мінезіндегі өзгерісті шыдамдылықпен, ақылмен, төзімділікпен жөнге сала біліңіз. Бұл жағдайдың алдын алуға төменгі ережелер көмектесе алады: Еркіндік беріңіз. Байсалдылықпен ой қоса біліңіз, өйткені сіздің балаңыз енді өзіңіз қатарлас үлкен болғанын мойындаңыз. Ешқашан ақылгөйсімеңіз. Көптеген жасөспірімдер өздерін мезі ететін айтыла бермейтін ақыл сөзден қашқақтайды. Қарым қатынас түрін өзгертіңіз.
Есіңізде болсын балаңыздың өзіндік көзқарасы, өз құқығы, өз еркі бар. Оған сіз бағыт және байсалдылықпен баға бере біліңіз. Балаңызбен ымыраға келе біліңіз. Реніштен, түсініспеушіліктен ешкім ешнәрсе ұтпайды, «жеңімпаз» атағын да алмайды. Ата - ана да, жеткіншек те ашуланғанда араларында түсініспеушілік туады. Үлкендер тарапынан мұның соңын шыдамдылықпен күтіп, қалпына түскен соң баламен түсінісуге тырысыңыз. Кім ақылдырақ, сол кейіндейді. Ренішке от жақпаса ұрыс тез басылады. Келіспеушілік бастау алған жағдайда біреуі басыңқылық танытуы керек. Қызу қанды жасөспірімге қарағанда ақыл тоқтатқан үлкен адамға мұны орындау оңайға түседі. Ренжуге болмайды, шыдамды болыңыз.Ұрысты қоя тұрып, бала жанын ауыртатындай жағдай туғызбаңыз. Мысалы: есікті қатты жауып кетпеңіз, сөйлеспей қоймаңыз т.б. Бала қиын жағдайдан шығуды бізден үйренеді. Сіз өзіңіздің айтқан сөзіңізде тұрыңыз. Өзіңіз тарапыңыздан ымыраға келуге әзір болмасаңыз да, балаларыңыздың алдында өз беделіңізді жоғалтпауға тырысыңыз. Үлкендер өзінің шыдамсыздығын байқатса, онда жасөспірімнен жақсы нәтиже күте алмайсыз. Балаға керегі өзін жақсы көруі, түсінуі, өзін сыйлай алуы және өзін біреуге керек екендігін сезінуі болып табылады. Оқуында жетістікке жетіп, өзін өзі сыйлай алса, өз құрбыларының ортасында беделі артады. Балаңыздың өзін өзі бағалауы атаанасының оған деген қарым қатынасына байланысты. Егер баланың мінезіндегі теріс жағын қабылдап, шыдамдылықпен, байсалдылықпен қабылдап, кешіріммен қараса, ол сезініп жақсы жағына қарай бейімделе бастайды. Егер баланы үнемі назардан тыс қалдырса, өзін өзі бағалауы да төмен болады. Әрбір сөзіміз, ісіміз, қызығушылығымыз, тіпті үндемеу себебіміздің өзі де өзіміздің қандай екеніміз жайында балаға мәлімет береміз. Баланы неғұрлым өзіне жақын тартып, жақсы көре білсе, «менде бәрі жақсы», «мен жақсымын» деген ой келеді. Балада өзіне деген сенім пайда болады. Егер баланың ісінің бәрін қатеге шығарып отырсаңыз «менде бәрі жаман» деген ой келеді. Жазалау нәтижесі баланың өзіне деген сенімсіздігіне, бойкүйездігіне әкеледі. Оның түбінде қайғы, мұң жатады. Баламен ынтымақтықты қарым қатынасыңызды жалғастырғыңыз келсе, оны барлық жағдайда қолдай біліңіз !
Ол үшін төмендегідей қағидаларды есте сақтаңыз: Баланы бар мейіріміңізбен түсіне біліңіз. Қобалжуы мен талап еткен мәселесін ықыласпен тыңдаңыз. Сабақ оқығанда, кітап оқығанда бірге болуға тырысыңыз. Өзі шамасы жететін сабағын әзірлеуіне араласпаңыз. Өзі сұраса көмектесіңіз. Жетістігін қолдаңыз. Сенім білдіріңіз. Өзінің де сенімінен шыға біліңіз. Келіспеушілікті үйлестіріп шеше біліңіз. «Сенімен бірге болу маған өте жақсы», «Менің де сендей болғым келеді», «Сен әрине өзің жасай аласың», «Сенің орның ерекше» т.б. қолдау сөздерді жиірек қолданыңыз. Өзіңізден алшақтатпай, жиі аймалаңыз. Жасөспірімдік шақта олар өзі шешім қабылдау белсенділігі артады. Бұл тұлғаларға білім беруде жасөспірімнің өзі бала сияқты емес, үлкен адам сияқты сезініп, өзін өзі көрсетуі болып табылады. Үлкен болға ұмтылу және үлкен болу қажеттілігі басым бола отырып, тұлғаның дамуын, таным сапасын және оқыту әдісінің ерекшелігін анықтайды. Есеюді сезіну жасөспірімнің интенсивті физикалық дамуына және әлеуметтік беделіне негізделеді.Есеюдің ішкі және сыртқы сезінуі болады. Сыртқы – сөйлеу мәнері мен киім киюі, үлкендерге еліктеуі және т.б.
Жасөспірімді жастық шақта үлкендермен болған қарым қатынас түрі қызықтырмайды, себебі ол оның жеке есею деңгейі туралы көзқарасымен сәйкес келмейді. Жасөспірім үлкендердің құқығын шектеп өздерінікін кеңейтуге тырысады және өзінің жеке тұлғалығына сыйласымдылықпен қарауды талап етеді, яғни үлкендермен тең құқылы болуды қалайды. Егер үлкен адамдарда жасөспірімдерге деген, балаға қараған сияқты, қатынас сақталса, ескі қарым қатынас түрін сақтауға ұмытылыс байқалады да, баланың өзіне жасөспірім ретінде қарайтын көзқарастарға қарам –қарсы келіп, жасөспірім мен ересектер арасындағы қақтығыстың қайнар көзі болып табылады.
Жасөспіріммен тұлға аралық қарым қатынас орнатуда ұсынылатын кеңестер:1.Шыдамдылық танытыңыздар. Балаға әр уақытта қолдау көрсетіп, шыдамдылық, сабырлық танытыңыз. Егер ұрса берсеңіз, араларыңыздағы сенімділіктің жоғалатынын ұмытпағаныз абзал.
2.Сенімділік қарым қатынасын орнату.
Сенімділік таныту – жасөспіріммен қарым – қатынастағы ең маңызды аспект. Бала жасөспірім шақта ата- анасынан алшақтай түседі. Оның өз сырлары, жеке істері пайда болуы мүмкін. Ол оған ересектерді араластырмайды. Балаңыздың есейіп келе жатқанын ұмытпаңыз. Оның өз өміріне құқығы бар екенін естен шығармаңыз. 3.Эмоцияңызға еркіндік бермеңіз.Сіздің балаларға әсерініз, ықпалыңыз көбінесе өз көңіл күйінізге байланысты болады. Сондықтан ашуланбай, өзіңізге қолға алып, сабырлықпен тыңдаңыз.
4.Себебін анықтамай жатып, қатты ұрыспаңыз. Мінез – құлықтағы өзгерістердің өз алдына себептері болады. Сондықтан әрбір әрекеттің түрткісін анықтап, себебін біліп алған жөн.
5.Өз әрекеттеріңізді қадағалап, тұрақтылық танытыңыз.Егер мақсатқа қол жеткіземін десеңіз, әрекеттеріңізде ретттелік, тұрақтылық танытыңыз. Уәделеріңізге берік болыңыз.
6.Баланың өз бетімен өзгеруіне қызықтырыңыз. Өзінің жақсы жаққа өзгеруіне қызығушылық білдірген балаға ғана көмектесуге болады. Сонда ғана ол өзіне осындай мүмкіндік беретін адамдармен ғана қарым қатына жасалады.
7. Мәмілеге (компромис) келуге дұрыс шешім қабылдауға тырысыңыз Әрбір өзгерістің қуаныш әкелетінін естен шығармаған жөн. Шешім қабылдағанда оның да пікірін ескерту қажет.
8.Мадақтау және жазалау жасалған әрекетіне сай болуы керек Егер себепсіз жаза қолдансаңыз, балаға үлкен реніш әкелесіз.Кез келген мадақтау немесе жазалау баланың іс әрекетіне сай болуы керек.
9. «Бәрін түсінуге» тырыспаңыз. Кейде балаға түсіністік емес, тек қолдау қажет. 10.Баланы түсінуге,оның мінез құлығын, тәртібін қолдауды білмейді. Баланың міңез – құлқына деген қарым –қатынасыңызды сыпайы, дұрыс жеткізе біліңіз. 11.Жасөспірімнің ар намысына және оның «жанды жеріне» аяушылық танытыңыз.Өз балаңыздың құқығын сыйлаңыз. Жасөспірімді келеңсіз жағдайға қалдырмаңыз.
12.Балаға орынсыз көп сөйлемеңіз Біз өз балаларымыз үшін тірек болып, қолдау көрсетуіміз қажет.
13. Барлық мәселені уақытында шешіп алыңыз. Барлығын сабырлықпен шешуге тырысыңыз.
14.Өз кемшіліктеріңді балаға жүктеме. Өз бойыңыздағы кемшіліктерді көріп, түзетуге тырысыңыз.
15.Сәтсіздікті болжамаңыз Тек жақсылықты болжаңыз.
16.Баланың ересек досы болуға ұмтылыңыз. Дос ата –ана – бұл көмекші, ақылшы тірек, қорғаушы.
Қызығушылық , шыдамдылық көрсетіп оқып шыққаныңыз үшін рахмет!