Зерде мектебінің қысқаша тарихынан

«Зерде» дарынды балалар мектебінің негізі №26 қазақ орта мектебінде қаланды. №26 мектептің ұжымы Мейірман Жеңіс Шанаққызы басқарған кезде үлкен жетістіктерге жетті, атап айтқанда 2001 жылы өткен мұғалімдердің облыстық тамыз конференциясында №26 мектеп оқу-тәрбие процесін жоғары деңгейде жүргізетін мектеп ретінде аталды. Осы жылы №26 мектеп «Білім ұясы - 2001» республикалық байқауында «Таңдаулы жыл мектебі» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде сол кездегі Екібастұз білім бөлімінің басшысы Ғ.Ш. Балтабекованың қолдауымен №26 қазақ орта мектебінде дарынды балаларға арналған эксперименттік сыныптар ашу туралы ұсыныс жасалды. 

2001 жылдың 28 маусымында облыстық білім департаментінің эксперттік кеңесінде мектеп директоры Мейірман Жеңіс Шанаққызы және орынбасарлары Н.Қуанышева, А.Әбілқасымова, Н.Абдрахманова, Г.Жылқыбаева, Г.Әмеркенова, Қ.Қабдуова барып, дарынды балалрға арналған эксперименттік сыныптар ашу туралы жобаларын қорғады. Соның нәтижесінде облыстық эксперттік кеңестің 2001 жылдың 10 шілдесінде №514  шешіміне сәйкес мектепте дарынды балаларға арналған 1-7 сыныптар ашылды.

2001 жылы 1 қыркүйектен бастап №26 қазақ орта мектебінің директоры болып Қуанышева Н.С тағайыналды. Эксперименттік алаңның ғылыми жетекшісі болып Касенова Бақыт Қыдырбаевна бекітілді. Эксперименттік алаңның жұмысына жетекшілік жасау үшін 2 білдікті маманмен келісімшарт жасалды: Ж.У.Кобдикова- Ы.Алтынсарин атындағы мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі, Х.М.Бихиянова – облыстық Білім департаментінің бас маманы.

Дарынды балалар оқитын сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдердің конкурсын жариялап, әр пән мұғалімдеріне қойылатын талаптар анықталады. Соның нәтижесінде жоғарғы, бірінші, екінші категориялы мұғалімдердің ішінен инновациялық жұмысқа, ғылыми жұмысқа бейім 37 мұғалім іріктеліп алынды.

Алғашқыда 1-7 сыныпқа дейін ашылып, кейін 1-9 сыныптарда 219 оқушы оқыды. Оқытудың бірінші сатысында (1-4 сыныптарда ) жалпы білім мазмұнын қалыптастыру ішкі дифференциялау негізінде іске асырылды. Саралап деңгейлеп оқыту технологиясын қолдану арқылы оқушылардың оқу мүмкіндіктерін, қабілетін, қызығушылық аймағын айқындайтын пәндер енгізілді.

Оқытудың екінші сатысында (5-9 сынып) оқу процесі сыртқы және ішкі саралай оқыту арқылы жүргізіледі. Оқу жоспарының вариативті бөліміне тұжырымдамаға сәйкес қоғамдық - гуманитарлық жаратылыстану-математикалық бағыттарға енгізілген пәндер бөлініп оқытылды. Кеңейтілген білім мазмұнын жүзеге асыру үшін бағдарламалар, жұмыс дәптері, жаттығулар, т.б. оқу – құралдары жасалды. Оқушының білімділік танымдық интеллектуалдық деңгейлері Блум жүйесі бойынша анықталды. Оқушының интеллектуалдық қабілетінің дамуы Торренс әдістемесі арқылы жүргізілді.

2004 жылы дарынды балаларға арналған эксперимент алаңының жұмысын облыстық білім департаменті тексеріп, жоғары бағалады. Дарынды балаларға арналған мектеп ашуға дайын деген қорытынды шығарды.

Дарынды балалар мектебін ашуға жаңа ғимарат болмағандықтан жеке меншікке өтіп кеткен №3 мектептің бұрынғы ғимараты таңдап алынды. «Зерде» дарынды балалар мектебінің ашылуына сол кездегі облыстық Білім департаментінің басшысы Каримжанов Бахриден Сарбасұлы (№3 мектептің түлегі), Екібастұз қаласы Білім басқармасының басшысы Нығметов Марат Жанатұлы үлкен үлес қосты.

Нығметов Марат Жанатұлының шебер ұйымдастыруымен 2004 жылдың жаз айларында үлкен күрделі жөндеу басталды. Қаржы тапшылығына қарамастан құрылыс, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мекемелермен келісіп, көмек сұрап, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қала мектептерінің ұжымдарын сынып бөлмелерін жөндеуге жұмылдырды. Жөндеу жұмыстарына мектеп ұжымы да белсене ат салысты. Сөйтіп 29 күннің ішінде мектептегі күрделі жөндеуді аяқтады.

Мектеп ашылғанда басқа мектептер берген қолданыста болған жиһаздармен жабдықталды. Мектептің ашылуына керекті құжаттар : Жарғысы, тұжырымдамасы, т.б Н.С. Қуанышеваның басшылығымен жасалды.

Мектептің атын «Зерде» -деп қоюды Мейірман Жеңіс Шанаққызы ұсынды.

Облыс әкімінің 2004 жылдың қыркүйегіндегі 215/7 қаулысына сәйкес «Зерде» дарынды балалар мектебі ашылды. Алғашқы қоңырау қонақтары ішінде В.Н.Набитовский, қалалық білім бөлімінің басшысы М.Нығметов, еңбек ардагерлері А.Бауэр, Ж.Мейірман, А.Қаңтарбаев, қала мектеп директорлары болды.