Абай үні ұрпақтар зердесінде

Абай оқуларына қосқан үлесім Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрын - соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Ардақты ақын Абай қараңғы заманда шырақ жаққан, терең мағыналы сөзі атадан балаға, немереден шөбереге беріліп отырған. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасқан. Биыл біздің Абай атамыздың жүз жетпіс бес жылдығы тойлануда. Осыған орай, мектеп қабырғасында өтетін Абай Құнанбаевқа арналған іс шаралар ұйымдастырылуда. Біз мамандандырылған “Зерде” дарынды балаларға арналған мектеппіз. Бізде әр жыл сайын Абай оқуларының өткізілуіне шын қуаныштымын. Біздің мектепте Абай оқуларына елуге жуық оқушы қатысты. Менің ойымша, әрбір қатысушы жүлделі орынға лайық, себебі, Абай Құнанбаевтың өлендерін, қара сөздерін, поэмаларын жаттау қалағанның қолынан келе бермейді. Мен үшін қазақты тану үшін Абайдың өлеңдерін жаттап, қара сөздерін оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану – қазақтың өзін-өзі тануының, басы да, соңы да! Мен өзім Абай атамыздың өлеңдерін оқып, қара сөздерін естіп өскенмін. Өйткені әрдайым менің атам, Абайдың нақыл сөздерін өмірмен байланыстырып, менің әр мүлт кеткен қадамым үшін оның сөздерін айтып дұрыс жолға түсірген. Абайды тану – Абай айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білемін. Мен осы жылы кішкентай болса да Абай оқуларында өз үлесімді қосқаным үшім қуаныштымын. Қорытындылай келе, әр жыл сайын Абай оқуларының өтуін мақтан тұтам. Себебі, Абай секілді ақын жоқ. Абай кім десе жауап бермейтін адам жоқ. Қазақтың мақтанышы, жарық жұлдызы Абай Құнанбаев бізді бес нәрсеге сай болуға, без нәрседен қашық болуға үйретті. 11 а сынып оқушысы Мұхамедов Бақберген