Қазақ тілін тереңдетіп оқитын сыныптың қос жүлдесі
Қазанның 10-ы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ХІV республикалық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті. Облыстық Мұқағали Мақатаев оқуларына облыстық оқу орындарынан 20 оқушы қатысты. «Менің пірім - Мұқағали» ақын өлеңдерін жатқа оқу, «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» бөлімінде өз туындыларымен таныстыру, «Жыр эстафетасында» «Алтай-Атырау» және «Райымбек, Райымбек» поэмаларын мәнеріне келтіре отырып жатқа оқу. Сайыстың төртінші бөлімінде берілген ұйқасты пайдалана отырып, тұжырымды, түйінді шумақтарды қолма-қол шығарып, шабытты жырларын ұсыну, «Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара сырласым» бөлімінде берілген өлең құрылысына қарай талдау жасау. «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» бөлімінде 1 минуттың ішінде ақын өмірі мен шығармашылығынан қаншалықты деңгейде хабардар екендігін анықтайтын 10 сұраққа жауап берді. «Ақын мұражайына менің үлесім...» бөлімінде әр оқушы ақын шығармашылығына байланысты жеке қолынан жасаған бұйым, сурет, кесте, ақынның танылмаған қырын көрсететін жоба, зерттеулері, ақын жайлы ел аузындағы естілмеген естеліктерін ұсынды және қорғады. Нәтижесінде Акипова Саида, Құрбан Арай ІІІ орындарды иеленді. Бірнеше жылдан бері дәріс беріп, білім сайысына дайындаған пән мұғалімі Дусупова Ақлес Әділбайқызы.