«Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың республикалық дебаттық турнирінің облыстық кезеңінде күміс жүлде

«Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында ұйымдастырылған 2020 жылғы 3 ақпан күні «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың республикалық дебаттық турнирінің облыстық кезеңі өтіп, қазақ лигасы бойынша «Жас дарын», Абай атындағы №10 лицей, «Зерде», Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы, БИЛ, ОМПЛИ, Ақсу гимназиясы, Павлодар қаласы, Баянауыл, Май аудандары барлығы 10 команда қатысты. Турнирдің мақсаты – елдегі қазіргі жағдайды талдау және қоғамдық талқылау арқылы жастардың саяси белсенділігін арттыруға ықпал ету. Турнирдің міндеті: 1) білім алушылардың жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, оқушылар арасындағы академиялық білім деңгейін көтеру, білім алушылардың шешендік сөйлеу өнері дағдыларын және сендіру әдістерін қалыптастыру, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, ұйымдастыру дағдыларын, коммуникативтік біліктерін дамыту; 2) қазақстандық қоғамда орын алған өзекті мәселелі жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын, өз көзқарастарын, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін табу, дәлелдеме жасау өнерін қалыптастыру, парламенттік мәдениет элементтерін дамыту; 3) оқушылардың демократиялық қоғамдағы азаматтық көзқарастары мен өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, туған өлкенің, елдің мәселелерін талқылау мен шешудегі жауапкершілік, қатысушылық сезімін қалыптастыру; 4) жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің, қосымша білім беру педагогтерінің балалар мен жастарды өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту, азаматтық көзқарастарын дамыту және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру; 5) оқушылар арасында интеллектуалды жарыстар мен конструктивті пікірталастарды насихаттау, дебаттық клубтар мен педагогтер арасында тәжірибе алмасуға ықпал ету. Турнир Америкалық парламенттік формат (АПФ) бойынша ұйымдастырылды. АПФ – бұл парламенттік тұрпаттағы дәйектердің, тапқырлықтың және риторикалық қасиеттердің сайысы. Әрқайсысы екі ойыншыдан тұратын екі команда – Үкімет пен Оппозиция қаралуға ұсынылған қарарды талқылайды. Әр раундқа жаңа қарар таңдап алынады. Пікірсайысты төреші бағалады. Американдық парламенттік формат дәл зерттеу мен дәлелдер жинауға емес, тез сыни ойлауға, логикалық ойлауға және сараптамалық талдауға негізделген. Қаңтардың 30-ы 11 тақырып берілді, 4 күн ішінде екі позицияда қарастыруға тура келді, ол – 22 тақырып деген сөз. «Зерде» мектебінің «Ақиқат» дебат клубының мүшелері тақырып төңірегінде дерек жинауға көмектесті, клубтың мүшелері кезектен тыс отырыс жасап, 10-сынып оқушылары Мағзұм Зубиля, Манапова Зарина мектеп намысын облыста қорғауға лайық деп шешті. Нәтижесінде іріктеу турының 3 ойынында да «жеңіс», яғни толық 3 ұпайды жалғыз Зерденің «Томирис» тобы жеңіп алды. Жартылай финалда №10 лицей-мектебінен басым түсіп, финалда төрешілер шешімі бойынша республикалық жолдама Ы.Алтынсарин гимназия-интернатына берілді. Дебат ойынының басты қағидаты – төрешінің шешімі дұрыс, егер жеңілсе, төрешіні сендіре алмай, берілген мүмкіндікті жіберіп алған кемшілікті ойыншы өзінен іздейді. Облыстық турнир нәтижесінде мектебіміздің дебат клубы мүшелері сәуір айында өтетін VII мектепішілік дебат турнирін 8-10-сынып арасында заман талабына сай АПФ (екі де екі) форматымен өткізу туралы шешім қабылдады. Ал 5-7-сынып арасында (үш те үш) оқушы форматы сақталады.