16.03.2023 жыл Ашық біріншілік
16.03.2023 жылы Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің базасында қазақтың ұлттық спорт өнерінің бірі — садақ атудан ересектер мен жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті. Ашық біріншілікті ұйымдастырған «Зерде» мамандырылған дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі Нұрбек Мұқышев. Мектебіміздегі садақ ату үйірмесінің ашылғанына екі жыл болды. Былтыр төрт оқушы Қарағандыда өткен республикалық турнирден олжалы оралды. Екі жыл талмай, жүйелі еңбек етудің арқасында садақ ату үйірмесі Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясынан «Сарсадақ Қоныс» мергендер клубының лицензиясын алды. Ашық біріншілікке еліміздің жер-жерінен командалық және жекелей сында 120 спортшы қатысты. Атап айтсақ, Екібастұз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Астана, Маңғыстау, Атырау қалаларынан, Ақсу-Аюлы, Бұқар-Жырау аудандары (Қарағанды облысы), Аягөз (Абай облысы), Ақкөл (Екібастұз ауданы), Баянауыл және Баянауыл ауданының Майқайың, Құндыкөл, Егіндібұлақ ауылдарынан жасөспірім оқушылар командалары бақ сынады. Соның ішінде біріншілікке 7 жасар Нұрали Серік те қатысты. Мектебіміздің оқушылары қанжығаларын майлап қайтты. 7-9 жас қыздар аралығында І орын 3 сынып оқушысы Төлепберген Медина; 7-9 жас ұлдар арасындағы жарыста 3 сынып оқушысы Мешітбай Аллияр ІІІ орын; 10-12 жас аралығында ІІ орын 7 а сынып оқушысы Айткенов Алихан. Құттықтаймыз!