турслет-2024
турслет 2023
лицей балы

Әсерлі кездесу…

Қарашаның 11-ші жұлдызы – мен үшін есімнен кетпес әсерлі кездесу бақыты бұйырған күн. Бұл күні «Зерде» дарынды балалар мектебі «Жас қаламгер» үйірмесінің отырысында қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова шеберлік сыныбын өткізді.

Бұл кездесу маған қандай мүмкіндіктер ашты?

Кез келген мектеп түлегі үшін мамандық таңдау – болашаққа деген маңызды қадам. 11-сынып оқушысы болғандықтан, кез келген мәлімет мен үшін өте бағалы. Бізге осы мәселеде жол көрсететін, өз ісінің маманы табылды. Мен мұндай мүмкіндіктің берілгеніне алғысым шексіз! Болашақ мамандығым жайлы нақты мағлұматтар біліп, оның жақсы-жаман жақтарын сараладым. Мені қанаттандырғаны – ол «Журналистиканың болашағы – сендердің қолдарыңда» деген сөз болды. Келешекте мойнымызға қандай жауапкершілік, ауыр жүктің артылғанын сезіндім. Баспасөз қызметкерлерінің негізгі жұмыстарымен, оның ішкі ас үйімен таныстырды. Сонымен қатар Жанаргүл Қадырова бетімізді қайтармай, болашақта өзінің көмек қолын созуға әзір екенін, «Жас тілші» атануымызға көмек көрсететінін, түрлі кездесулер ұйымдастыратынын айтып, «Отарқа» газетінің редакциясына шақырды. Мұндай мүмкіндікке ие болғанымызға өте қуаныштымын. Мамандық таңдау жолымда сенімділік сезімімнің артуына себепкер болған Жанаргүл Әбдікәрімқызына шын жүректен алғыс айтамын. Алдымда қазірден бастап қызыққа толы әрі қиындығы да болатын жол күтіп тұр. Бұл қиындықтарды еңсеруге Жанаргүл Қадырованың айтар ақыл-кеңестері алып шығатынына сенімдімін. Мен де мықты маманның мектебінен шығатын жас тілші ретінде айтқандарын бұлжытпай орындауға әзірмін.

Тәңірберген Айгүл, «Зерде» дарынды балалар мектебінің жас тілшісі