турслет-2024
турслет 2023
лицей балы

Ата-аналарға ҮНДЕУ

Құрметті ата-аналар!

Көктемнің шуағымен бірге балаларымыздың белсенділігі де арта түседі. Алайда дәл осы кезеңде олардың өміріне төнетін қауіп-қатерлер де еселенетіні сөзсіз. Осы орайда Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға, мұғалімдерге және барша ересектерге балалардың күнделікті өміріне мұқият қарауға шақырады. Балаларымыздың өмірі – біздің қолымызда! Әрбір ата-ана сақтық шараларын ұстанып, қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамауы тиіс.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда балалардың терезеден құлау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Әсіресе, 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін бұл аса қауіпті. Мұндай қайғылы жағдайлар көбіне ересектердің бейқамдығынан және терезеге арнайы қорғаныс құралдарының орнатылмауынан орын алады.

Сондай-ақ, суға кету оқиғалары да алаңдатарлық деңгейге жетті. 2024 жылы елімізде балалардың су айдындарында қаза табуы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Бұл әсіресе 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мұның басты себептері – қараусыз шомылу және арнайы рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су айдындарында суға түсу.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мына қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді есте сақтаңыз:

Бірінші. Терезелерге сақтық құрылғыларын орнатыңыз – арнайы құлыптар, торлар мен бекіткіштер балалардың құлауына жол бермейді.

Екінші. Тек қауіпсіз жерлерде суға түсіңіз – құтқару қызметі бар жағажайларды таңдаңыз, бейтаныс су айдындарынан аулақ болыңыз.

Үшінші. Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз – әсіресе су маңында әрдайым бақылауда ұстаңыз.

Төртінші. Судағы қауіп-қатерлерді түсіндіріңіз – биіктен суға секіру, тереңдікте ойнау және қатты ағыстарға жақындау өте қауіпті екенін үйретіңіз.

Бесінші. Балаларды алғашқы көмек көрсетуге баулыңыз – суға кеткен адамға қалай көмек көрсету керектігін білудің өзі біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін

Құрметті ата-аналар!

Балаларымыздың амандығы – біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қайғылы жағдайлардың алдын алу – өз қолымызда!

 

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің

төрағасы Насымжан Оспанова