турслет-2024
турслет 2023
лицей балы

Абай үні ұрпақтар зердесінде

Қаңтар айының 21-23-і Алматы қаласында өткен ІІ республикалық Абайтану олимпиадасында еліміздің әр өңірінен ілімі мен білімі жоғары жүзден жүйрік 122 оқушы (9-11-сынып) ақын шығармашылығы бойынша білімдерін сарапқа салды. Олимпиаданың негізгі мақсаты – М.Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Олимпиада екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар ақынның қара сөздері мен поэзиясы негізінде эссе жазды. Екінші кезеңде М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды. Роман мазмұнынан «сократтық» сұрақтар арқылы оқушының логикалық ой өрісі, сөйлемге кешенді талдау жасауда грамматикалық сауаттылықтары тексерілді. Облыс намысын қорғауға қатысқан алты оқушының екеуі мектебіміздің 9,10-сынып оқушылары М.Қасқырбаев пен Н. Әбікен білім бәйгесінде жүзден жүйрік танылды. Мұхаммед ІІ орынды жеңіп алса, Нурила Алғыс хатпен марапатталды. Республикалық «Дарын» орталығының сыйлықтары смарт – сағат және танымдық әдебиет кітаптары тарту етілді. Абай мұрасын зерттеп –зерделеуде терең біліммен қаруландырған ұстаздары А. Дүсіпова, Н.Нұртаева, Г. Исабаеваға Алғыс хат берілді.